Ербол қазақ тілі кабинеті ашылды

29 қазан күні Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда Ербол қазақ тілі кабинеті салтанатты түрде ашылды. Осы мектептің тұңғыш басшысы, ұстаз Ербол Ісләмұлын еске алу құрметіне орай ұйымдастырылған шараға ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Cафура Сейдуәлиқызы, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитететі Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы  Бағым Әбубәкірқызы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті, Орта білім мазмұны институтының директоры Алмагүл Кеңесханқызы және Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшылық өкілдері қатысты. Қонақтар қатарын қоғам қайраткерлері, астанадағы мектеп директорлары мен марқұм Ербол Іргебайдың жары Қымбат Мұқанқызы, перзенті Жайна Ерболқызы, Бекболат Сұлужүрек бастаған шәкірттер тобы мен өзге де туыс-туған, дос-жарандары толықтырды.

Шара барысында қонақтар мектептің тыныс-тіршілігімен, «Ұрпақтар сабақтастығы» аталатын жобамен танысты. Ербол Ісләмұлының ұстаздық, қайраткерлік қырын, өмірі мен өнегесін арқау еткен деректі фильм тамашалады.

Ербол қазақ тілі кабинеті мектептегі Абай кітапханасы, Алаш тарих кабинеті, Мұхтар мәжіліс залы, Мағжан дәрісханасы, Шоқыр спорт залы, Қайым мұражайынан кейінгі тұлға атымен аталатын кезекті кабинет. Аталған кабинеттердің бәрі «Ұрпақтар сабақтастығы» аталатын үлкен жобаның құрамдас бөлігі. Абай-Алаш-Мұхтар-Қайым-Ербол тізбегі – буындар жалғастығымен үзілмей келе жатқан ұлттық идеяның, алаш рухының сабақтастығын айқындайды. Мектеп өз миссиясына «ұлттық тәрбие, төл таным, қазақы құндылық» ұстанымын ұстын ете отырып, алаш зиялыларынан қалған асыл мұраны жаңғыртуды көздейді. Мағжан, Жүсіпбектерден жеткен ұлттық педагогиканы тұғыр ретінде ұстанады.

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

X