Қайырымдылық – қайырлы іс

Мектебімізде осы аттас арнайы қайырымдылық шарасы өтті. «Өзін-өзі тану – махаббат пен шығармашылық педагогикасы» онкүндігі аясында өткізілген қайырымдылық акцияға әлеуметтік педагог Шолпан Жаңабайқызы мұрындық болды.

1-11 ақпан аралығында атқарылар қайырымды шараның бірі –  4 ақпанда мектеп кіреберісінде өткізілген көрме еді. Көрмеге қыздар шеберханасының қолөнер бұйымдары қойылды. Оқушылар өздері жасаған бұйымдарын, қолдан тіккен қолөнер заттарын көрмеде сатуға шығарып, одан түскен қаржыны қайырымды іске жұмсады.

Өз кезегінде аталған көрмені ұйымдастырушы, гимназиямыздың көркем еңбек пәнінің мұғалімі Заря Советқызына жолығып, көрме туралы пікірін біліп едік:

Заря Советқызы:

«Оқушылар жұмсалған материалды, еңбекті, тағы басқа қосалқы шығындарды есептей отырып, заттардың бағасын анықтады. Көрмедегі ең қымбат бұйым – жастық 700 теңгеге, ал телефон қаптары 400 теңгеге бағаланды. Шаш буғыштар 200 теңгеден сатылды. Барлық жиналған ақша 12 мың болды. Оған сынып жетекшілері мен оқушылар кеңсе тауарлары мен азық-түлік сатып алып, көмекке мұқтаж отбасыларға үлестірді. Осылайша оқушылар өз қолынан шыққан туындылары арқылы аялы алақандарымен жылу сыйлап, көпке үлгі көрсетті. Қайырымдылық пен қамқорлықты жан жүрегімен сезінді. Бұл көрменің де басты мақсаты оы еді».

1-11 ақпан аралығындағы акцияға оқушылар мен қатар мұғалімдер де белсене атсалысты. Раушан Солтан  бастаған мұғалімдер тобы арнайы азық-түлік қоржынын әзірлеп, қиыншылығы бар отбасыларға табыстады. Ұстаз-шәкірт ұжымы жомарт жүрек, мәрт пейілдерімен акцияны биік деңгейде атқара алды.

Қамқорлық іс-шарасы аясында әлеуметтік қиыншылығы бар отбасылар көмекке қолы жетіп бір қуанса, аталмыш шара ықпалымен оқушылар да адал еңбекпен игі іс жасап, қамқорлық көрсетуге болатынын тәжірибе жүзінде түйсінді. Шараның ұрпаққа ой салар тәлімдік, тағылымдық тұсы да осы еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

X