«Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай»

Бүгін, 9 қаңтар – ақиық ақын, жыр жампозы Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Ол – қазақ поэзиясына бояуы қанық, сезімі тұнық, иірімі терең жырлар әкелген ақын. Жүректен шыққан өлеңдерімен ел сүйіспеншілігіне кенелген қаламгер. Сондықтан Мұқағали поэзиясы көп көкейінде жатталып, сазгерлер көмейіне ән болып құйылған.

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да ақынның туған күніне орай арнаулы іс-шаралар өз жалғасын тапты. Гимназиямызға ақын жайлы естелік айтуға, оқушылармен сыр-сұхбат құруға белгілі ақын, композитор, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, “Қызыл Жусан” журналының құрылтайшысы, бас редакторы Ерқожа Әлғожаұлы келді.

Ерқожа Әлғожаұлы поэзия ақтаңгері жайлы естеліктер айтып, өзінің ақынға арнаған өлеңдерін оқыды. Оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өмір жолынан тұщымды әңгімелер арқылы ой сабақтады. Кеш тізгінін ұстаған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзира Жайдаубекқызы да қонаққа тиісті сәтінде сұрақтар қойып, сұхбатты өрістетіп отырды.

Кездесуге оқушылардан бөлек, мектеп әкімшілігінің қызметкерлері, әдебиет және тарих бірлестігінің мұғалімдері және де басқа қызығушылық танытқан тәлімгерлер қатысты.

«Мен тұлға боламын» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған сыр-сұхбатта кейіпкердің қонақ кәдесінен тыс, ауылдың алты ауызы ретінде музыка пәнінің мұғалімдері Бақталант пен Жайна мұғалімдер ән шырқап, оқушылар кезек-кезегімен Мұқағали жырларын жатқа оқыды.

Сөз ретінде айта кетсек, бұл кештен апта бұрын ақынның туған күн құрметіне орай оқушылар Мұқағали өлеңдерін оқудан арнайы челленж ұйымдастырған-ды. Бұл челленджге мұғалімдер де үн қосқан. Осылайша, мектепті поэзия рухы кернеген бұл апта құрметті қонақпен кездесумен түйінделді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

X