Гимназия Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы жылғы 17 тамыздағы №1503/О бұйрығымен «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№ 90 гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру туралы» қаулысының негізінде құрылған.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№90 гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2020 жыл 1 қыркүйекте ашылды. 2021 жылдың 23 қыркүйегінде ҚР Үкіметінің №699 Қаулысымен №90 гимназияға абайтанушы, шәкәрімтану ғылымының негізін қалаушы, ғалым, қоғам қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы, педагог Қайым Мұхамедхановтың есімі берілді.
Гимназия ғимаратының жобалық қуаты 900 орын.
Ғимараттың жалпы аумағы – 12 485 кв.м.
Оқу кабинеттерінің саны – 48.
Гимназияның миссиясы:
- жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты дамыған рухани тұлғаны қалыптастыру;
- «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында тәрбие мен білім берудің басым бағыттарын анықтап, жаһандану дәуірінде ұрпақтың рухани дамуына кепіл болатын ана тілі мен ұлттық менталитеттің маңыздылығына мән беру;
- ұрпақ тәрбиесінде ұлттық-мәдени құндылықтар бастауынан ажырамай, әлемдік тілдерді және әлемдік озық білім мен жаңа технологияларды меңгеру;
- қазақ халқының діл ерекшелігі болып табылатын туған жерін, халқын сүю және құрметтеу, отбасылық құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кеңпейілділік, бауырмалдық, ашықтық, толераттылық қасиеттерді дамыту.
Гимназия ұстанатын құндылықтар:
- біз үшін әрбір тұлға өзінің барлық болмысымен құнды;
- «Адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген нәрселермен озды»;
- «Адал ұрпақ» қалыптастыру – әділдік, парасаттылық, адамгершілік құндылықтарын оқушы бойына сіңіру;
- оқушылардың білім алуға ынтасын, қызығушылығын жоғары қою.
Гимназия бағыты:
- гимназияда оқу-тәрбие үрдісі қазақ тілінде жүргізіледі;
- ұлттың көркем тілін және бай тарихын терең меңгерту мақсатында гимназияда қазақ әдебиеті және қазақстан тарих пәндері тереңдетіліп оқытылады;
- гимназиядағы оқу-тәрбие жұмысының барлығы оқушылардың физикалық, интеллектуалды және рухани жан дүниесі байлығын дамытуға бағытталған;
- екінші сыныптан бастап гимназистер ағылшын тілін оқиды. Бұл пән 5 сыныптан бастап тереңдетіп оқытылады.
Гимназияның әлеуеті:
- гимназияда әлемдік мәдениетті меңгеріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жан-жақты тұлғаны қалыптастыруға байланысты барлық жағдай жасалған;
- гимназия ұжымы жаңартылған білім беру мазмұнының әдіс-тәсілдерін толығымен игеріп, цифрлық технологияны толығымен меңгеріп, заман талабына сай жұмыс істейді;
- гимназияда қазіргі заман талаптарына сай оқу кабинеттері бар. Барлық кабинеттер интернет желісіне қосылып, интерактивті тақтамен жабдықталған;
- қазіргі заманғы аппаратуралармен жабдықталған 250 орынға арналған мәжіліс залы бар;
- спорт құралдарымен толығымен жабдықталған 500 шаршы метр болатын спорт залы бар;
- «Әуен» Дыбыс жазу студиясы бар;
- заман талабына сай жабдықталған кітапхана. Кітапханада мультимедиалық құрылғылармен жабдықталған компьютерлер қойылған. Сондай-ақ, Рухани жаңғыру, Коворкинг орындары ұйымдастырылған.
Гимназияның қосымша білім беру мүмкіндігі
- Гимназияда әл-Фараби атындағы оқушылар сарайының «Шұғыла» орталығы жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – балаға қазақ ұлтының әндері мен билерін, қолөнерін үйрету және заманауи цифрлық технология жетістіктерін меңгерту. Бұдан бөлек төмендегі клубтар мен үйірмелер бар:
- «Даналықтың діңгегі» – жас абайтанушылар клубы;
- «Ер Қазақ» – жас тарихшылар клубы;
- «Сана» – интеллектуалды клубы (Не? Қайда? Қашан?);
- «Парасат» – дебат алаңы;
- «Талаптан» – оқушылардың ғылыми орталығы;
- «Ақбозат» – шахмат клубы.
- Қазақ күресі үйірмесі;
- Тоғызқұмалақ үйірмесі;
- «Журналистика» – жас тілшілер үйірмесі.